20.10.2025
2025 жылғы 15 қазан күні Көкшетау қаласында «Арна» колледжінің студенттері профилактикалық іс-шараға қатысты. Іс-шараны АИТВ инфекциясының алдын алу жөніндегі Ақмола облыстық орталығының және «Panacea Clinic» ЖШС Жастар денсаулығы орталығының медицина қызметкерлері ұйымдастырды.
Кездесу барысында студенттерге АИТВ инфекциясы мен жыныстық жолмен берілетін инфекциялар (ЖЖБИ) туралы ақпарат берілді. Бұл акция жастардың АИТВ және ЖЖБИ жөніндегі білімін арттыруға, жұқтыру жолдары мен алдын алу шаралары туралы хабардарлығын күшейтуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар сериясының жалғасы болды.
Іс-шара аясында қатысушыларға АИТВ-ға экспресс-тестілеуден өтуге мүмкіндік берілді. Сонымен қатар студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын мамандарға қойды. Шара барысында Ақмола облыстық АИТВ орталығының эпидемиолог-дәрігері Балғын Сарбасова және Жастар денсаулығы орталығының психологы Улпан Аманбаева сөз сөйледі.
Мұндай іс-шаралардың мақсаты – жастарға АИТВ инфекциясы туралы ақпарат беріп қана қоймай, олардың өз денсаулығы мен болашағына деген жеке жауапкершілігін арттыру.